ИНФОРМАЦИОННЫЙ САЙТ АКИМА ЕСИЛЬСКОГО РАЙОНА

www.esil.gov.kz    

СИЛА ЛЮБОГО ГОСУДАРСТВА - В ЕГО НАРОДЕ.

                                                                            Н.Назарбаев

                                    

Поиск по сайту

Поделиться

Социальные сети

1. Да, знаю о программе, хочу приобрести жилье в городе Есиль; 2. Да, знаю о программе, хочу приобрести жилье в другом городе, области; 3. Слышал (а) о программе, не задумывался (лась) о приобретении жилья; 4. Впервые слышу о данной программе.


Ауылдың тарихи атауы қайтарылса...

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қай – қайсымызды да бей – жай қалдырмады. Себебі аталмыш бағдарлама өткен тарихымызды жаңғыртудан бастау алып, әркімнің туған жеріне деген сүйіспеншілігін, құрметін қалыптастырумен ұштасып жатыр. Десекте, тамыры тереңде жатқан тарихымызды қайта түлетіп, санамызды рухани жаңғырту үшін алдымен ономастика мәселесін дұрыстап қолға алу керек деп ойлаймын. Ғасырдың сырын ғасырға жалғаған, ата – бабаларымыздан мұра болып қалған туған жерімізде кеңестік дәуірден қалып кеткен, мән – мағынасы жоқ жер – су атаулары жетіп жатыр. Көне географиялық атауларды зерттеудің тарихи – географиялық әрі этнографиялық мәні мен маңызы өте зор. Қазақ елінің ғасырлар бойы түрлі саяси оқиғаларды, реформаларды бастан өткергендігі бізге тарихтан мәлім. Соның бірегейі Ресей патшалығының отаршылдық саясаты. Бұл жүйенің тұсында елді мекендер мен жер – сулардың тарихи атаулары жаппай өзгертіліп, орысшаландырылды. Өзім тұрып жатқан Красивое ауылыныңда байырғы атауы осындай кертартпа саясаттың құрбаны болған. Ертедегі атауы Табия. Бұлай аталуының себебін жиналған жерінде туған жер туралы сыр шертіп отыратын Әбдірахман, Сейтіғали, Есмолда, Кенжеғали, Нұртаза деген аталарымның аузынан талай естіп, құлағыма құйып өстім. Келер ұрпағыма аманат болсын деген ниетпен менде аталарымнан естіген әңгімені қозғап, бала күнде санамда жатталып қалған Табия атауының шығу тарихына тоқталып өтуді жөн көрдім. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары мен Красивинский селолық кеңесінде еңбек жолымды бастадым. Өзімнің туған ауылым Игілікке жол түскенде, атам Сейтіғали (әкемнің ағасы) Красивое ауылында жұмыс істеп жүргенімді естігенде, ол өзіміздің бұрыңғы Табия ауылы ғой, - деген болатын. Сол кезде ол кісінің қара шекпенділер келді де атын өзгертіп жіберді деп іштей қынжылғанын аңғардым. Атамның айтуы бойынша 1960 – 1970 жылдары Көкшетаудың Зеренді ауылының әл – ауқатты, төрт түлік малы маңыраған бір байы Батпақкөл (Красивинский округінде орналасқан) мен Жыландыкөл (Ақсай ауылының маңында) көлдерін жаз жайлауы еткен. Күздің қара суығы жеткенше малдарын осы көлдердің маңайында жайып, баққан. Сол байдың көші қазіргі Красивое ауылының оңтүстік жағындағы төбешікке демалу үшін тоқтап, бой жазған. Байдың Табия есімді қызы осы маңда кенеттен ауырып, қайтыс болыпты. Жергілікті тұрғындар жас қызды  сол төбешіктің етегіне жерлейді. Табия ақылына көркі сай сұлу болған екен, оның әдемілігіне сүйсінген тұрғындар ауылды Табия деп атап кеткен. Табияның сұлулығы ресей патшалығының Столыпин жер реформасы аясында осы ауылға жер аударылғандарды да тамсандырып, Красивое атауының тууына себепші болды. Осылайша, қара шекпенділер Табия ауылын Красивое деп атап кеткен. Бұл сөзіме бір дәлел, 1939 жылы Қарталы – Ақмола теміржолы тартылғанда жол бекеті Красивая - казахский аталды. Бүгінгі күнге дейін солай аталады. Табия сұлудың басына бертін келе құлпытас орнатылды. Оны 1970 жылы өзім көрдім. Арапша жазылған екен. Сол кезде оны оқып, аударатын адам болмады. 

Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары Коммунистік партияның нұсқауымен егіндік жерлерді тиімді пайдалану мен оның көлемін ұлғайту жоспары қолға алына бастағанда, көк шөбі жайқалған ауылдың төменгі жағы да жыртылып, қорым үстіне соқаның ұшы тиіп, құлпыстар қирап қалды. Бұл 1975 жылы болды. Ол уақытта мен  жергілікті кеңестің депутаты болатынмын. Егін егу науқаны басталмай тұрып, колхоз басқармасының (ол кезде «Знамя труда» колхозы болды) кеңейтілген отырысында №3 бригада орналасқан жердегі қазақ қорымының жыртылып, қойылған құлпытастардың үгітілгендігін айтып, шұғыл шара қолдану жөнінде депутаттық өтініш білдірдім. Қорымды жыртуға қатысқан партия мүшелеріне сөгіс жарияланып, соңы оң шешімін тапты әйтеуір. Ертеңіне жұмысшылар одағының төрағасы мен жергілікті партия комитеті хатшысының қатысуымен, қорымның айналасына темір шарбақ орнаттық. Көне жазуы бар құлпытасты таба алмадық, тек кейін қойылған құлпытастың жартсын мәйіт жатқан жерден 50 – 60 метр жерден тауып, қорымның басына қайта қойдық. Қазіргі таңда сұлу Табия жерленген жер қоршалып, алыстан көз тартады. Осы тұста айта кететін тағы бір жәйт, соңғы кездері халық арасында Табия туралы бұрмаланған аңыз әңгімелер тарап кетті. Дидар есімді қазақ жігітінің Табия сұлуға ессіз ғашық болғандығы туралы аңыздың шындығына ешбір тарихи дәлел де, негіз де жоқ. Бұның барлығы халықтың қиялынан шыққан әңгіме деп ойлаймын.

Болашақ ұрпағымыз ата – бабасының өткенінен, туған жерінің тарихынан тағлым алсын десек, байырғы атаулары ұмыт болған немесе транскрипциясы бұрмаланған елді мекендер мен жер – су атауларын қайта жаңғыртуымыз қажет. Тарихи атаулар тек мәдени мұра ғана емес, оған қоғамдық – саяси мәселе ретінде қарау керек. Сондықтан, ғасырдан астам тарихы бар Красивое ауылына өзінің тарихи атауын қайтаратын кез жетті деп ойлаймын. Менің бұл ойымды ауылдықтарда қолдайды, құптайды. Бүгінде Красивое ауылында қазақ жанұяларының саны жыл сайын өсіп келеді. Қазақ – орыс тілдерінде білім беретін аралас мектебіміз, мәдени ошағымыз бар. Ауылда шаруасын дөңгелеткен ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары да баршылық. Кескін – келбетінен қазақшылық байқалып, тұрмыс – тірлігі тәубе дегізетін Красивое ауылына Табия деген тарихи атауы қайта берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

 

Амангелді Естай,

Красивое ауылының зейнеткері

 

Страница создана: 28.05.2018 12:31
Страница обновлена: 28.05.2018 12:31
Просмотров: 69

Текст